Халықаралық отбасы күніне орай облыстық «Отбасы» орталығында «Ұлттық тәрбие-берік отбасы негізі» атты ұлттық құндылықтар тоғысқан мағынасы терең шара өтті.
Мерекелік бағдарлама орталық жанынан ашылған «Күретамыр» лабораториясында «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» атты тағылымы мол шарадан бастау алды. Шаңырақтың үйытқысына айналған енелер жас келіндердің бойына ізгі қасиеттерді ұялатып, халқымыздың бірлігін, тату тірлігін дәріптеп, ұлттық өнерін, тәрбие құндылықтарын насихаттап, сол арқылы халқымыздың ұлылығын паш етті.
Сондай-ақ, «Бақыт мекені» кеңес беру бөлімінде жаңадан отау құрған жас жұбайларға, жұптарға Қызылорда облыстық жастар денсаулығы орталығы, Жастар ресурстық орталығы, «ОтбасыБанк» және «Мансап» жұмыспен қамту орталығының мамандары мемлекет тарапынан жасалатын қолдауларды насихаттап, түрлі кеңестер берді.
Кез келген ер азаматта белгілі бір мақсат, биік мұрат болуы қажет. Жаңадан отау құрған ер азаматтың мойнына жүктелетін міндет пен жауапкершілікті сезіну мақсатында «Күйеу жігіт» бөлмесінде «Жігерлі болса ер жігіт…» тақырыбында облыстық мәслихат депутаты, ҚР ішкі істер органдарының құрметті қызметкері Шаймағамбетов Әмірбек Бердібекұлы ер азаматтарға арналған ұлттық-рухани кеңес берді.
Бұған қоса, отбасылардың ынтымақ-бірлігін нығайту, олардың өзара түсіністіктерін шыңдау, жылдам, әрі дұрыс шешім қабылдауға дағдылану мақсатында отбасылар арасында интеллектуалды куиз ойыны өтті.
Әр отбасы өзіндік өнеге мен тәрбиеге негізделіп, оның бастау бағытын ұлттық құндылығымыз толысқан кітаптардан алуы аса маңызды. Осы ретте «Отбасы BOOK» атты бала тәрбиесі, жас отбасыларға арналған кеңес, мәдени-рухани бағдар т.б. кітаптардың арнайы көрмесі болып өтті.
Сондай-ақ, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасындағы бала тәрбиесі, ағайын татулығы мен ананың және әкенің ерекше қасиеттерін талдау арқылы қазақ отбасының бейнесін қалыптастыру мақсатында түсіріліп жүрген «Неке немесе жеке» сұхбат бағдарламасының кезекті шығарылымы «Отбасы-қамқорлық мекені» тақырыбында түсіріліп, «100 жаңа есім» жобасының жеңіпазы, европалық психологтар ассоциациясының мүшесі, «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің психологы Сымбат Әбдірахмановамен тағылымы мол сұхбат өтті.