«Біртұтас тәрбие бағдарламасы» барлық білім беру ұйымдарында жүзеге асырылуда.

 Алғаш рет 2023-2024 оқу жылында барлық білім беру ұйымдарында еліміздің жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген саясаты көрініс тапқан Біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілді.

Бағдарлама аясында барлық мектептерде Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылды. Оның басты мақсаты – балаларды тәрбиелеуде мектеп пен отбасы арасындағы өзара байланысты күшейту, позитивті ата-ана мәдениетін дамыту.

Білім беру ұйымдарында 2,4 млн оқушының қатысуымен түрлі бағытта 22 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Жыл бойы оқушылар «Күй күмбірі», «Жасыл мекен», «Шахмат ойнау», «Асық ату» республикалық челленджеріне қатысты.

«Білім беруде балалар мен жасөспірімдер қозғалысы мен еріктілер ұйымдары үлкен маңызға ие. Биыл «Менің бауырым» еріктілер қозғалысына 3 мыңнан аса жас волонтер қосылды. Жас еріктілердің бастамасымен ұйымдастырылған «Досболlike» – достық қолыңды соз» акциясы балалардың қызығушылығын тудырды», – деді оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.

Айта кету керек, елімізде «Жас сарбаз», «Жас волонтер», «Жас эколог», Жас дебатер» секілді балалар мен жасөспірімдер қозғалысына 2,5 млн оқушы тартылған.

eGovMobile мобильді қосымшасында «Bilim» жаңа қызметі іске қосылды. Оқу-ағарту министрлігі «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы» АҚ-мен және ЦДИАӨМ-нің ҰАТ АҚ-мен бірлесіп eGovMobile мобильді қосымшасында қолжетімді «Bilim» жаңа қызметін іске қосты.

Оқу-ағарту вице-министрі Арай Оразова барлық қажетті деректерді топтастырып, оны азаматтар үшін аса қолайлы әрі қолжетімді еткен сервис туралы айтып берді.

««Bilim» – бірнеше бөлімдерден тұрады, онда білімі, оқуды аяқтауы туралы цифрлық құжаттары, қорғаншылық және қамқоршылық туралы ақпарат, баланың профилі және білім алушы туралы қосымша ақпарат қамтылған. Сондай-ақ педагогтер үшін «Педагог портфолиосы» қолжетімді. Мұнда мұғалімнің электрондық құжаты қалыптастырылады, онда еңбек өтілі, қызмет жолы, санаты, аттестаттаудан өтуі бойынша мәліметтер топтастырылған», – деп атап өтті вице-министр.

Сондай-ақ сервисте қолданушыларға білім беру ұйымдары мен қолданушы арасындағы шартқа ЭЦҚ арқылы қол қоюға мүмкіндік берілген.

Бұл сервиске өту үшін eGov Mobile қосымшасында «Bilim» бөлімін таңдау қажет.
Айта кету керек, қазіргі уақытта бөлімдерді ҚР азаматтарының білімдеріне қатысты қажетті деректермен толтыру жұмыстары жалғасуда.

БӨЛІСУ