Қазақстандық мектептерде 186 мың түлек үшін соңғы қоңырау 25 мамырда соғылады.

2023-2024 оқу жылын 3,8 млн-нан астам қазақстандық оқушы аяқтайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева хабарлады.

24 мамыр күні еліміздің барлық мектептерінде 1-10 сынып оқушылары үшін «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Мұнда сынып жетекшілері білім алушылармен бірге оқу жылын қорытындылайды.

186 мың 11-сыныпты бітіруші үшін соңғы қоңырау 25 мамыр күні «Мектебім, саған мың алғыс!» тақырыбында өтеді.

Сондай-ақ емтихандарды өткізу уақыты белгілі болды. 5-8, 10 сынып оқушылары үшін емтихандар 27 мамырда басталады. 9 сынып оқушыларының емтихандары 29 мамырдан 10 маусымға дейін жалғасады. 11 сыныптар үшін қорытынды емтихандар 28 мамыр-11 маусым аралығына жоспарланған. Аттестаттарды салтанатты тапсыру 12-15 маусым аралығында өтеді. Бұл ретте айта кету керек, төтенше жағдай жарияланған өңірлерде оқушылар аралық және қорытынды емтихандардан босатылды. Олар: Ақтөбе облысында 9 мектеп, Атырау облысында 3 мектеп және Солтүстік Қазақстан облысында 5 мектеп.

 156 мың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын бітірушілер үшін қорытынды аттестаттау 28 маусымға дейін жүргізіледі, ал диплом тапсыру рәсімі 28 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді.

Сонымен қатар, еліміздің 12 өңірінде психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Балалардың құқықтары мен мүддесін қорғау механизмдерін жетілдіру мақсатында бірқатар заңнамалық түзетулер қабылданды.

Оның айтуынша, Қазақстанда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жеке қолдау мен көмек көрсететін тәлімгерлік институтын енгізу жөніндегі жоба табысты жүзеге асуда.

«Балалардың құқықтарын қорғау саласында тәуелсіз құқық қорғау институтын нығайту мақсатында бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің мәртебесі бекітілді. Осы мақсатта қазірдің өзінде еліміздің 12 өңірінде психологиялық қолдау орталығы ашылды. Бұл орталықтар ата-аналар мен балалар көмекке жүгінетін, педагог-психологтер өзара кеңесетін орынға айналды. Министрлік қорғаншылық және қамқоршылық органдары қызметкерлерінің нормативті санын 5 мың балаға 1 маман қатынасында белгілеу мәселесін қарастыруда», – деп хабарлады Еділ Оспан.

 Сонымен қатар Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды. Зорлық-зомбылыққа, жәбірлеуге ұшыраған немесе оған куә болған кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және оларға көмек көрсету әдістемесі бекітілді. Білім беру ұйымдарының қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында Білім беру объектілерінде терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық талаптары кеңейтілді.

БӨЛІСУ