Мектептегі медиация балаға білім, тәрбие беру бағытында қауіпсіз орта қалыптастыруды көздейді. Яғни, оқушы мен оқытушы, ата-ана мен мұғалім арасында орын алған кикілжіңдердің тиімді әрі дұрыс шешімін бағыттап, сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасау.

 «Анаға тағзым» орталығының медиаторы Жанна Мейрамбекқызы ұйытқы болған кезекті кездесуге осы тақырып арқау болды. Ы.Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицейінде өткен шараға 9-11 сынып оқушылары мен мұғалімдер қатысты. Кездесуде Жанна Мейрамбекқызы медиация институты мен оның тиімділігін, сот процесінен айырмашылығын түсіндірді. Мұғалім, оқушы, ата-ана арасындағы қарым-қатынас, жастар арасындағы буллинг, кибербуллинг, зорлық-зомбылықтың алдын-алу мәселелері қозғалды.

Сондай-ақ, мектепте дау болдырмау мақсатында оқушыларға бітімгершілік процедурасы тәжірибе жүзінде көрсетілді. Оқушылар медиация жүргізу тәртібі мен әдіс-тәсілдері нәтижесінде біреудің затын рұқсатсыз иемдену дауын қос тарапқа да тиімді жолмен шешуді үйренді.

БӨЛІСУ