Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен Аналар күніне арналған мерекелік концерт өтті. Іс-шарада аудан басшысы барлық аналарды мерекемен құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Дана халқымыз қашанда анасын ардақтап, аруларын сыйлай білген. Бұл – ежелден қанымызға сіңген асыл қасиет» деп атап көрсетті. Халқымыз «Ана алдында құрмет, ата алдында қызмет» дейді. Сондықтан ана – мәңгіліктің, елдіктің, биіктіктің өлшемі саналады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен, Үкіметтің және облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен өңірде қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе қаласына дейінгі аумағын І санатты жолға айналдыруға шешім қабылданды. «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының 216 шақырымы жөнделуде. Облыс орталығы ыстық сумен қамтамасыз етіледі. Міне, осындай жұмыстармен қатар аймағымызда әйел-аналарға ерекше құрмет жасалып, зор қолдау көрсетілуде. Бүгінде ардақты аналарымыз бен аруларымыз отбасының ұйытқысы болып, бала тәрбиелеп қана қоймай, Тәуелсіз еліміздің қарқынды дамуына үлес қосып, барлық салада табысты еңбек етіп жүр. Бүгін осы залда отырған әйелдер қауымының әрқайсысы еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосқан асыл ана, қайраткер әйел, еңбексүйгіш жандар деп білемін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мерекелік іс-шарада ауданның көркемөнерпаздары концерттік бағдарламаларын ұсынды. Ана тақырыбында әндер шырқалып, қадірлі жандарға мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.