Бүгін Қазақстан Республикасының «Спорт шебері» Сүлейменов Әсет Жәнібекұлын еске алуға арналған дзюдодан жасөспірімдер арасында облыстық ашық турнир басталды.
Дүбірлі спорт додасының ашылу салтанатына аудан әкімі Жандос Еркінбек қатысып, Ә. Сүлейменовтың өнегелі өмір жолы мен спорттық мансабында жеткен жетістіктері туралы сөз қозғады. Сондай-ақ, ауданда спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жастар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану, спортқа баулу мақсатында салынып жатқан спорт кешендерінің жуырда пайдалануға берілетіндігін айтып, турнирге қатысушы жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Одан кейін, Қызылорда облысы дзюдо федерациясының Президенті Садық Шоңмұрынұлы сөз сөйлеп, облыстық турнирдің салтанатты ашылуымен құттықтады.
Биыл үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған дәстүрлі спорт бәсекесіне облыс бойынша 150-ге жуық спортшы бақ сынайды.