Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Аналар күніне орай еңбек ардагерлері, ақ жаулықты аналардың үйлеріне арнайы барып мерекемен құттықтады. Аудан басшысымен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев және аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева бірге барып, мерекелік лебіздерін білдірді.
Аудан әкімі алдымен Тереңөзек кентінің тұрғыны, сауда саласының ардагері 88 жастағы Ағайша Мырзахметованы құттықтап барды. Биылдан бастап Аналар күні тойланып жатқанымен, ардақты жандарға әркез құрмет көрсетілетінін айтқан Берік Әбдіғаппарұлы мерекелік «Құттықтауын» табыс етіп, сый-құрмет көрсетті.
Мұнан соң аудан басшысы тереңөзектік еңбек ардагері Қарақас Оспанованы да арнайы құттықтады. Ауданның дамуына еңбегі сіңген ананың өнегелі өмірі жастарға үлгі екенін атап өтті.
Сый-құрметке бөленген ақ жаулықты аналар ризашылығын білдіріп, ақ баталарын берді.