Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев іс сапармен Жаңақұрылыс ауылдық округінде болып, тұрғындармен кездесті.

Ең алдымен аудан басшысы «Қуаныш» шаруа қожалығының тоғанда балық өсіру жобасымен танысып, кәсіпкердің егістік алқабын да аралап көрді. Мұнан соң, елдімекендегі әлеуметтік нысандарды аралап, олардың қазіргі жай-күйін бағамдады. Ауыл халқына қызмет көрсететін нысандардың жұмысымен танысқан соң, мекеме басшыларына ғимаратты талапқа сай күтіп ұстау және тұрғындар үшін жұмыс сапасын арттыру жөнінде тапсырма берді.

Ауыл халқымен кездесу барысында аудан басшысы өңірдегі атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар мен оң өзгерістер жөнінде баяндады.
«Өздеріңізге белгілі, аудан көлемінде ауқымды жобалар жыл сайын жүзеге асуда. Бүгін аймақ басшысының қолдауымен Ақшатау елдімекенінде жаңа 60 орындық білім ордасының іргетасын қалап жатырмыз. Бұл ауыл халқының көптен күткен қуанышы. Ауданның өзекті мәселелерімен таныспын. Қазіргі таңда, аудан орталығынан құны 3,1 млрд. теңгені құрайтын аспалы көпір құрылысы жалғасып, үстіміздегі жылы пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. Білім саласында да іргелі жобалар іске асуда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде ауданымызда 4 бірдей 300 орындық мектеп пайдаланылуға беріледі. Оның ішінде, биыл Арал қаласынан және Сексеуіл кентінен салынып жатқан білім ұялары алдағы оқу жылында пайдаланылуға берілетін болса, келесі оқу жылында тағы 2 мектеп жаңа №5 мөлтек ауданында және Жақсықылыш кентінде табысталатын болады»-деп, алдағы уақытта жүзеге асыралатын жобалармен де бөлісті. Кездесуден соңында аудан әкімі елдімекен тұрғындарын жекелеген мәселелер бойынша қабылдап, жауапты сала басшыларына тұрғындар өтінішін заң аясында шешуде барша мүмкіндіктерді қарастыруды міндеттеді.

Атап өтейік, елді мекен тұрғындарымен өткен жиында ауыл халқына арналған мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдетілген несие алу жолдары түсіндірілді.

БӨЛІСУ