Бүгін Нұрсәт теннис орталығында «Аралбай Махамбетов мемориалы» шахматтан ҚР балалар кубогының 2-ші кезеңінің ашылу салтанаты өтті.
Шараны салтанатты түрде ашқан Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев дәстүрлі түрде өткізіліп келетін жарыстың өскелең ұрпақ үшін маңызы мен облыстағы спорттың осы түрінен жеткен жетістіктеріне тоқталып өтті. Сондай-ақ ол жас шахматшыларға аймақ басшысының құттықтауын жеткізіп, қызықты ойын өрнегін көрсетулеріне тілектестік білдірді. ҚР шахмат федерациясының вице-президенті, облыстық шахмат федерациясының президенті Марат Есенов өз сөзінде 12 рет өткізіліп келетін жарыстың бүгінгідей жоғары деңгейге жету жолын және отандық шахматтың жай-күйі жайында баяндап берді. Аралбай Махамбетовтың інісі Сұлтанбек Махамбетов ұйымдастырушыларға шынайы алғысын білдіріп, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Аралбай Махамбетов мемориалы» шахматтан ҚР балалар кубогының 2-ші кезеңі Сыр елінде 12-ші мәрте ұйымдастырылуда. Жарысқа еліміздің 15 облысы мен Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттерінен 300-ден аса спортшы классика, рапид, блиц бойынша шеберліктерін байқасады.
Ендеше, 19-ші мамырға дейін созылатын жарыста қатысушыларға сәттілік тілей отырып, шын жүйріктер озып шықсын деген тілек білдіреміз.