“Конго – Қырым геморрагиялық қызбасы” ауруының алдын алу мақсатында, Қармақшы ауданы бойынша 2024 жылы “қолайсыз” болып анықталған елді мекендерге аса қауіпті жұқпалы аурудың және кене шағу жағдайларынан сақтану үшін санитариялық ағарту жұмыстары жүргізілді. Аудандық санитариялық – эпидемиологиялық бақылау басқармасы, аудандық ветеринариялық станция мамандары және медицина қызметкерлерінің қатысуымен ауыл тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, үн парақшалар таратылды. Жыл сайынғы жоспарлы көктемгі улау жұмыстарының алдындағы дайындық, мал қоралардың механикалық тазалау жұмыстары, сонымен қатар ауылдағы мал тоғыту ванналары қаралды. Бұл жұмыстар жалғасын табатын болады.

Бүгінде Қызылорда облысында конго-қырым геморрагиялық қызбасының эпидемиологиялық ахуалы тұрақсыз деп бағалануда. Сәйкесінше, жыл басынан бері 108 адам кене шағу жағдайымен медициналық көмекке жүгінген. Оның ішінде конго-қырым геморрагиялық қызбасына 2 күдікті жағдай анықталып, 1 дерек зертханалық жолмен нақтыланды. Қазіргі таңда кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Бұдан бөлек, наурыз айынан бастап зоопаразитологиялық топпен бірге кене жинау шаралары басталған болатын. Тиісінше, бүгінгі күнге дейін 11 979 дана кене жиналып, оның 1331-не сынама жасалды. Нәтижесінде, 13 кенеден оң нәтиже анықталды. Сондықтан облыс тұрғындары далалық аймақтарда, мал қорлары жанында жүргенде барынша сақтық шараларын сақтау қажет.
Жалпы былтыр 1332 адам кене шағу дерегімен медициналық көмекке жүгінсе, биыл 108 жағдай тіркелді. Аталған аурудың алдын алу мақсатында арнайы вирусқа қарсы иммундық плазма кеңінен қолданылады. Биыл аймақта 115 елді мекен қолайсыз деп танылды. Осыған сәйкес, 9 сәуірден бастап кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының бірінші кезеңі Шиелі, Жаңақорған, Қызылорда қаласында жүргізілді.

Қолайсыз деп танылған елді мекендерде 763 мың бас ауыл шаруашылығы жануарлары бар. Ал қора, суат, шаңлақтардың жалпы көлемі – 2,9 млн шаршы метр. Жалпы аурудың алдын алудың негізгі жолы – уақ малдарды тоғыту болып табылады. Бүгінде облыс бойынша барлығы 85 мал тоғыту ваннасы болса, оның 54-і типтік үлгіде болса, қалған 31-і қарапайым түрде.

БӨЛІСУ