«Наразылық көңіл-күйді қалыптастыру механизмі және Эмоционалды интеллект негіздері» тақырыптары бойынша семинар өтті
Геосаяси ахуалының тұрақтылығы қазіргі жаһандану дәуірінде мемлекеттің ішкі және сыртқы саяси жағынан – өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Осыған орай, бүгін облыстық прокуратураның бастамасымен «Наразылық көңіл-күйді қалыптастыру механизмі және Эмоционалды интеллект негіздері» тақырыптарында арнайы семинары өтті.
Жиынды облыс прокуроры Ризабек Кәрімұлы Ожаров ашып, семинарға арнайы келген – Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Т.Қалиевке, «Этномедиация» орталығының директоры Л.Узарова мен этномедиатор Ә.Шәуметовке өз алғысын білдіріп, көтеріліп отырған мәселенің аймағымыз үшін маңыздылығын атап өтті.
Облыс әкімі аппаратының басшысы Ш.Байманов аймақ бойынша әлеуметтік-саяси шиеленістің алғышарттарын анықтауда нақты шаралар қабылданып, тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізіліп жатқандығын тілге тиек етті.
Айтуынша, облыстағы қоғамдық-саяси ахуалды толыққанды білу мақсатында тоқсанына бір рет әлеуметтік зерттеу жүргізіледі.
Сондай-ақ, этносаралық тұрақтылықты сақтау мақсатында да жүйелеген шаралар қолға алынғандығын атап өтті.
Жалпы статистикалық мәліметке сүйенсек, Қызылорда облысында 850 мыңға жуық халық болса, оның 96,5 пайызы қазақтар, ал 3,5 пайызын түрлі этнос өкілдері құрайды. Қазіргі таңда облыс тұрғындарының этнос өкілдерімен қарым-қатынасы бірқалыпты деп бағалануда.
Өз кезегінде спикерлер Т.Қалиев наразылық көңіл-күйді қалыптастыру механизмі тақырыбында және Л.Узарова әлеуметтік желілердегі араздық тілі бойынша тұшымды баяндамалар жасады.