Аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменовтың қатысуымен Мәдениет ауылында саябақ пен балалар ойын алаңы ашылды.

Тілеубай бабаның 300 жылдығына орай ұрпақтарының бас болуымен бүгін ауыл тұрғындары қос қуанышын қатар атап өтуде.
Тілеубай баба ұрпақтары ауылды абаттандыру, көркейту мақсатында ауыл ішіндегі А.Құнанбаев көшесі бойына 120 түп жеміс ағашының көшеттерін отырғызды. Саябақ «Тілеубай бабаға 300 жыл» деп аталады. Тілеубай баба ұрпақтарының бастамасымен қолға алынған балалар ойын алаңы да ел игілігіне пайдалануға берілді.

“Бюджеттен жыл сайын қаржы бөлініп және сол қаржының толық игерілуі нәтижесінде ауылдардың тұрмысы түзеліп келеді.
Біздің ауданға қарасты бірнеше елді мекен тіректі ауыл мәртебесіне ие болды. Бұл ауылдар қазір сол мәртебесіне сай дамып келе жатыр. Сондай елді мекеннің бірі – Мәдениет ауылдық округі.
«Ауылына қарап азаматын таны» демекші, Мәдениет ауылы қашанда әлеуметтік-экономикалық жағынан жақсы көрсеткіштерге жетіп келеді. Ауылдың қазіргі келбеті келісті, экономикалық әлеуеті де қуатты. Жер көлемі мен халық саны жағынан да алда тұр.
Ауылда атқарылған игі істер де өздеріңіздің көз алдарыңызда. Енді, бүгін Тілеубай баба ұрпақтары ауыл игілігі үшін балалар ойын алаңын пайдалануға беріп отыр. Осындай игі бастамалар ауыл азаматтарының қолдауымен әлі де жалғасын табады деп сенемін” деген Ғани Кенжеғараұлы игі істе бастама болған азаматтарға аудан әкімінің алғысын табыстады.
Айта кетейік, ауылдағы «Дәулетназар» мешіті жанына ауыл тұрғындарының бастамасымен 100-ге жуық көшет отырғызылды. Сонымен қатар, Адамбай ата ұрпақтарының мұрындық болуымен Ж.Жабаев көшесінің бойына 150 түп жеміс ағашының көшеттері отырғызылып, күтімге алынды. Бүгінгі шара осы игілікті істердің жалғасы деп білеміз.
Ауыл ақсақалдары бүгінгі жарқын іс тек балаларға ғана емес, ауыл тұрғындарына да ерекше қуаныш сыйлағанын атап өтіп, баба ұрпақтарына алғыс білдірді.

БӨЛІСУ