Бүгін Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ілияс Жұмағұловтың қатысуымен 264 мектеп-лицейінде «Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы шаралар» тақырыбында ауқымды жиын өтті. Жиынға облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев және мектеп директорлары мен полиция қызметкерлері қатысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау бойынша өңірімізде тиісті жұмыстар атқарылуда. Осыған орай, облыстағы білім беру ұйымдарында бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы учаскелік полиция инспекторлары бекітілді.
Бұл ретте жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық деректерінің алдын алу шаралары қолға алынған.

-Бүгінде «Жасөспірім», «Балалар түнгі қалада» жедел профилактикалық шаралары, «Түнгі қала», «Квадрат» рейдтері ұдайы жүргізілуде. Іс-шаралар нәтижесінде, 2992 құқық бұзушылық дерегі анықталып, 128 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылса, 640 жасөспірімге әкімшілік хаттама толтырылды. Оқушылардың қауіпсіздігі – біздің басты назарымызда,- деді Ілияс Жұмағұлов.

Бүгінгі жиын барысында департамент бастығының орынбасары оқу жылының аяқталуына орай өткізілетін түрлі іс-шаралар кезінде жас түлектердің беймезгіл уақытта жүрмеуін, көңілді отырыстар жасамауын, белгіленбеген аумақта суға түспеуін қатаң ескертті. Сондай-ақ, ата-аналарға тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілетінін хабарлады.

БӨЛІСУ