Сырдария ауданында ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері, Сырдария ауданының құрметті азаматы Қобландин Сұлтанбек Ибрагимұлын еске алуға арналған республикалық турнирінің ашылу салтанаты өтті.

Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Б.Сәрменбаев, облыстық мәслихат депутаты Ә.Шаймағанбетов, Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысының орынбасары Ж.Айекешов, облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Ә.Қожбанов және аудан ардагерлері мен спортшылар қатысты.

Жарыс басталмас бұрын аудандық тарихи-өлкетану музей қызметкерлері көрме ұйымдастырып, С.Қобландиннің жеке мұрағатынан алынған жетістіктерін айшықтайтын төсбелгілерін, суреттерін қонақтарға көрсетті. Содан соң аудан әкімі жиналғандарды турнирдің басталуымен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Облыстық мәслихат депутаты Ә.Шаймағанбетов, Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Ж.Айекешов, облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Ә.Қожбанов көгалдағы хоккей спортын дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтты. Сондай-ақ С.Қобландиннің еңбегін жоғары бағалап, оның ізбасар шәкірттеріне әркез қолдау көрсетілетінін жеткізді. Ал әулет атынан С.Қобландиннің жеңгесі Б.Маханова турнирді ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығын білдірді.

Айта кету керек, 13 командаға топтасқан 230-дан аса спортшы қатысып жатқан турнир10 мамыр күні өз мәресіне жетеді. Жеңімпаздарға «Қайсар» хоккей клубының, Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы, Қобландиндер әулетінің атынан арнайы марапаттар беріледі.

БӨЛІСУ