Бүгін шаһар төрінде орналасқан Жыраулар үйінің мәжіліс залында Қызылорда қалалық Жастар театрының әртістері белгілі өнер тарландарымен кездесті.

“Тұңғышбай. Таным. Театр. Тарих” атты Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы, Қазақстанның Халық артисі, профессор Жаманқұлов Тұңғышбай Қадырұлымен кездесуге Қазақстан театр қайраткерлері Одағының жауапты хатшысы, театр және кино актрисасы Ағманова Рабиға Бибошқызы, актер, композитор, Қазақстанның мәдениет қайраткері Көбентай Қадырғали Нұрғожаұлы, С.Мұқанов атындағы солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театрының басшысы Біржан Жалғасбаев, Н. Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының басшысы Ниязов Мұхтар Мәуленұлы, Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Тажмаханов Жағыпар Айтбайұлы, ақын, режиссер-сценарист, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Нұрмаханов Оңталап Дүйсенәліұлы қатысып, жас әртістер құрметті қонақтармен көкейде жүрген ойларымен бөлісіп, сұрақтарына тұшымды жауап алды.

Кеш соңында қазақ театр өнерінің корифейі Тұңғышбай Жаманқұлов бастаған қонақтарға дәстүр бойынша құрмет көрсетілді. Өз кезегінде даңқты өнер қайраткері Тұңғышбай Қадырұлы жас ұжымның дарынды әртістеріне бата беріп, толағай табыстар тіледі.

БӨЛІСУ