Сыр өңірінде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы шеңберіндегі

«Мөлдір бұлақ» апталығы қорытындыланды.
Акцияның мақсаты – табиғатты таза ұстап, тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеру.
Ұйымдастырылған тазалық шаралары нәтижесінде су айдындары мен өзен-көл жағалаулары, аяқсу арықтарының бойы тазартылды. Апталыққа 20 мыңнан астам адам, мемлекеттік мекемелер мен жеке ұйымдар қызметкерлері, жастар және волонтерлер, тұрғындар қатысып, барлығы 245 техника жұмылдырылды.

Сырдария өзенінің жағалауы, «Аққұмшық» жағажайы, «Кәрібөгет» көпірі, «Лайкөл», «Қамбаш», «Жалаңаш», «Шөмішкөл», «Райым», «Тұщы», «Иіркөл», «Қараөзек», «Әлімкөл», «Жаманкөл» көлдерінің және «Қалғандария», «Елтай», «Шіркейлі», т.б. су арналарының жағалауы қоқыстан, тұрмыстық қалдықтан тазартылды.

Су айдындары мен аяқсу арықтарынан 40 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Еске сала кетсек, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына аймақ жұртшылығын белсене қатысуға шақырған үндеуі жарияланып, санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру сенбіліктері ұйымдастырылуда. Аймақтағы мұндай жұмыстар тек акция кезінде ғана емес, көктемнің алғашқы күні 1 наурыздан бастау алған болатын.

БӨЛІСУ