ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен «Әлеуметтік жұмыс» бағытындағы 10 кәсіпті қамтитын «Әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік саланың басқа да кәсіптері» кәсіптік стандарты бекітілді. Бұған дейін бұл бағыт 4 кәсіптік стандартпен қамтылған болатын.
Бұл ретте 4 кәсіп алғаш рет анықталып, Ұлттық қызмет жіктеуішінің жобасына енгізілді.
Оларға мыналар жатады: әлеуметтік көмекші; арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардағы әлеуметтік қызметкердің ассистенті; әлеуметтік қызметкер кейс-менеджері; әлеуметтік жұмыс менеджері.
Кәсіптік стандартта кәсіби міндеттерді орындаудың бірқатар жаңа тәсілдері қарастырылған:
– халықты әлеуметтік қорғау саласындағы барлық деңгейлеріндегі мамандардың цифрлық мобильдік қосымшаларды пайдаланудың міндеттілігі және МБА-мен коммуникация құру;
– әлеуметтік қызметкерлердің мүмкіндігі шектеулі адамдардың қызметі мен міндеттеріне, сондай-ақ оның отбасы мен тұрғылықты ортасының әлеуетіне бағалау жүргізе білу;
– көпсалалы команда құрамында супервизиялық топтардың жұмысын ұйымдастыра білу;
– адвокация, мүмкіндігі шектеулі адамдардың мүмкіндіктерін кеңейту.