Бүгін оқу орнымызда Ұлы Жеңіс күніне орай «Ерлікке тағзым ету-ұрпақ парызы» атты патриоттық-танымдық кездесу өткізілді.

Шараға Ұлы Отан соғысының ардагері, Қызыл жұлдыз орденінің иегері, соғыстан кейінгі жылдары 1949-1952 жылдар аралығында М.Мәметова атындағы Қызылорда қазақ қыздар педагогикалық училищесінде директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары қызметін атқарған Назаров Төлебай атамыздың
ұрпақтары арнайы келіп, батыр бабасының ерлікке толы жауынгерлік жолы, бейбіт уақыттағы өнегелі өмірінің кезеңдерімен бөлісті.

Танымдық кешке К.Қаракөзов атындағы №235 мектеп гимназия, Рахат Қалыұлы Құлтанов атындағы Атамекен мұражайының меңгерушісі Алматшаева Күләш Алматшақызы, Назаров Төлебай атамыздың ұлы Назаров Мейрамбек Төлебайұлы мен келіні және немере інісі Аппазов Марат келді. Сондай-ақ колледж директоры Тоғанова Жақсыгүл, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Исаева Гүлдана, директордың оқу әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Ділдабекқызы Дана және бірқатар тарихшы оқытушылар қатысты.

Аталған шара аясында колледжіміздегі «Білім нұры» педагогикалық сабақтастық галереясында «Ерліктің өшпес даңқы» атты патриоттық-танымдық бұрыш ашылды. Аталған естелік бұрышына Төлебай Назаровтың портреті мен суреттері, “Қызыл жұлдыз” ордені, Ұлы Отан соғысына 20 жыл медальі, қол сағаты, жауынгер көйлек пен құлақшыны, су ішетін ыдысы, жеке куәлік мұқабасы, қол чемоданы және архив материалдары қойылды.

Жиын барысында батыр ұрпақтары естеліктер айтып, “Жас толқын” шығармашыл жастар үйірмесі жас ақындары батыр рухына арнап, өлең шығарып, арнау оқыды. Жеңіс күні құрметіне рухты әндер мен би шашу орындалды.

БӨЛІСУ