Биылдан бастап еліміз бойынша мамыр айының екінші жексенбісі – Аналар күні мерекесі болып белгіленіп, ресми мереке ретінде бекітілді.

Осыған орай бүгін Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетовтің төрағалығымен «Ана – өмір шуағы» атты кездесу кеші өтті.

Мерекелік басқосуға Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының және барлық ауылдық округтердің әйелдер кеңесінің төрайымдары қатысты.

Жиында алдымен Дәурен Оңғарбайұлы елімізде алғаш рет аталып өтіліп жатқан мерекенің маңызына тоқталды, сондай-ақ әйелдер кеңесінің төрайымдары арқылы барша аяулы жандарды мерекемен құттықтап, ізгі лебізін жеткізді. Сонымен қатар барша аналар қауымына аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің ыстық ықыласын жеткізіп, мерекелік «Құттықтауын» табыстады.

Отбасылық құндылықтарды насихаттау, отбасы және ата-ана иститутын нығайту мақсатында өтіп жатқан кездесу кешінде Бекарыстан би ауылдық Әйелдер кеңесінің төрайымы, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Құралай Бекжанова, аудандық Әйелдер кеңесінің төрайымы Роза Асанова, аудандық Аналар кеңесінің төрайымы, аудандық мәслихат депутаты Шакизада Асқарова және де басқа да ауылдық округтердің Әйелдер кеңесінің төрайымдары мерекеге орай лебіздерін жеткізді.

Мерекелік кеште аудан өнерпаздары аяулы жандарға арнап, әсем әннен шашу шашып, ерекше көңіл-күй сыйлады.

БӨЛІСУ