Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті және Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Заң терминологиясы: жіктелім, біріздендіру және аударма» атты республикалық әдістемелік семинар өтті. Іс-шарада заң терминдерін жүйелеу, заңнама құжаттарын қазақ тілінің емле ережелеріне сәйкес реттеу мәселелері талқыланды.

«Мемлекеттік тілдегі заң нормалары, қағидалары мен ережелерді қарастыруды мақсат еткен бұл әдістемелік семинар, заңнамалық құжаттардың қоғам сұранысына сәйкес қазақ тілінде сауатты даярлау мәселелерін ғана қозғап қоймай, заңнама тілінің аударма тіл деңгейінен аса алмау себеп-салдарларын талқылап, мәселені шешудің жолдарын ұсынуды көздейді», – деді Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов.

Семинарда заңнамадағы қазақ тілі терминдерін қолданысының өзекті мәселелері мен проблемалары қаралды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ қазақ тілінде заң жобасын әзірлеуді ұйымдастырудағы проблемалар туралы өзекті ой қозғады.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ғылым жөніндегі вице-президенті, филология ғылымдарының докторы, академик Шерубай Құрманбайұлы сала терминдерін біріздендіру мен реттеудің лингвистикалық мәселелеріне тоқталды.

«Заң тілі терминологиясындағы негізгі екі проблеманы атап айтуға болады: заң тілінің ауырлығы мен түсініксіздігі. Терминдерді реттеу кәсіби деңгейде жүргізіліп, барлық мамандарға ортақ терминдердің бекітілген нормативтік сөздігі болуы керек, сонда заң тілі жүйеге түседі», – деді ол.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түркітану және тіл теориясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының докторы Қарлығаш Айдарбек баяндамасында әртүрлі ғылыми көзқарасқа жасалған талдауды ұсынып, заң терминологиясының жіктелімі және аударма мәселелеріне тоқталды.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Бауыржан Есімсейітов заң терминдерін дамытудың қолданбалы және теориялық аспектілері жөнінде баяндама жасады.

Семинар барысында лингвист және заңгер ғалымдар заң саласы сөздіктеріндегі терминдерді жүйелеу мәселелерін талқылап, республикалық терминология комиссиясында бұрын бекітілген салалық терминдерге талдау жүргізуді ұсынды.

БӨЛІСУ