Бүгін аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов «Аналар күніне»орай өңіріміздегі отбасылық өмір, ұрпақ тәрбиесімен қатар қоғамдық өмірде де белсенділік танытып жүрген ақжаулықты аналарды қабылдап, мерекемен аудан әкімі атынан құттықтады.
«Адамзат үшін анадан құдіретті, анадан ардақты ешкім жоқ. Сондықтан әлемдегі ең жоғары мадақ пен құрмет аналар қауымына арналады.
Осыған орай биылдан бастап Қазақстан Республикасындағы мереке күндерінің тізбесі «Аналар күні» мерекесімен толықтырылды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Дана халқымыз қашанда анасын ардақтап, аруларын сыйлай білген. Бұл–ежелден қанымызға сіңген асыл қасиет» деп атап өтіп, ананы қорғау – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басым бағыты екендігін айқындап берді» деген аудан әкімінің орынбасары Ғани Кенжеғараұлы ауданымызда аналар қауымын бір ұйымға біріктіріп, аналарымыздың қоғамға белсене араласуына жағдай жасап, ұлттық құндылықтарымыз бен салт – дәстүрлерімізді ұлықтап жүрген аудандық Аналар кеңесінің орны әрқашан да ерекше екенін де атап өтті.
Шара барысында отбасы мен қоғамдық жұмыстарды қатар алып жүрген аналарға қауымы аудан әкімінің алғысы мен сый-сияпаттар табысталды.