Аудан прокуратурасының бастамасымен N262 мектеп-гимназияда қала мектептерінің 9-11 сынып оқушыларымен «Армандар орындалады» жобасы аясында кездесу өткізілді.
«Армандар орындалады» жобасының негізгі мақсаты – оқушыларға арман құндылығы туралы түсініктерін арттыру, арманның мәні, арманға жету жолдары туралы өзіндік пікірін қалыптастыру және кәмелетке толмағандармен жасалатын немесе оларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында профилактикалық құқықтық түсіндіру болып табылады.
Кездесу кешіне аудан әкімінің орынбасары К. Бержанов аудан прокурорының орынбасары Н. Марат, аудандық білім бөлімінің басшысы С. Жанназарова, полиция бөлімінің бастығының орынбасары А. Байоразова, аудандық мәслихат депутаты Е. Аяғанов, дәрігер-хирург, денсаулық сақтау ісінің үздігі Ә. Жүсіпов қатысып, өздерінің өмір жолымен, бала күнгі армандары мен оған жетудегі еңбектері туралы әңгімелеп берді.
Сонымен қатар, жиынға қатысушыларға мамандық таңдау кезінде тұрған оқушыларға бағыт-бағдар беріп, таңдау мүмкіндіктерін шешуге, оларды өз пікірін еркін айтуға, басқаның пікірін сыйлай білуге, жүйелі ойлауға және адам өмірінде мамандықтың алатын орны, маңызы туралы түсіндіріп өтті.
Шара соңында оқушылар сауалдарын қойып, өз пікірлерімен бөлісті.