Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қорқыт Ата» әуежайы жаңа терминалының құрылыс алаңына барды.

«Болат Өтемұратов қорының» қолдауымен салынған халықаралық талаптарға сай келетін жаңа терминалда ішкі және халықаралық рейстерге, транзиттік жолаушыларға арналған залдар, CIP-зал, жүкті автоматты түрде беру жүйесі, «Duty Free» аймағы, сауда нүктелері, медпункт, кафе, ғибадат ету, жүк сақтау, ана мен бала бөлмелері бар. Екі қабатты ғимараттың сыйымдылығы – 250 адам, төлқұжат бақылайтын 10 кабина қызмет етеді. Нысан таяуда ел игілігіне табысталмақ. Жобаға бағытталған 20 млрд теңгенің 15 млрд 700 млн теңгесі Болат Өтемұратов қорынан бөлінген. Жергілікті бюджеттің 4 млрд 300 млн теңге қаржысы инфрақұрылымды дамытуға, абаттандыруға, яғни жылу, су, электр, телефон және кәріз, желілерін, автожол жүргізуге жұмсалды.

Қазір әуежай және оған іргелес аумақ абаттандырылуда. Осы аумаққа 615 шаршы метр гранит жабыны, 16,2 шаршы метр асфальт, 4038 шаршы метр кеспе тас және 3630 шаршы метр қиыршық тас төселуде. «Қызылорда қаласындағы әуежайдың іргелес аумағын абаттандыру құрылысы» жобасына 634 050 млн теңге бөлініп, 4 жолақты, ұзындығы 480 метр, әр жолақтың ені 3,5 метр болатын жол салынуда.

Аймақ басшысы құрылыс сапасына, ғимараттың жолаушыларға барынша жайлы, сыртқы келбеті үйлесімді болуына мән беруді тапсырды.

БӨЛІСУ