Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың есепті кездесулері Айдарлы, Жетікөл және Аманкелді ауылдарында басталды. Кездесулерде аудан басшысы өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен өңірде қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе қаласына дейінгі аумағын І санатты жолға айналдыруға шешім қабылданды. «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының 216 шақырымы жөнделуде. Облыс орталығы ыстық сумен қамтамасыз етіледі. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 12 300 орындық 21 мектеп салынуда. Өткен жылы 10 мектептің құрылысы басталса, биыл 11-нің құрылысы жүргізіледі. Оның 1-уі аудан орталығында бой көтереді. «Болат Өтемұратов» қорының қолдауымен 17 млрд. теңгеге жуық қаржыға «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы халықаралық талаптарға сай етіп салынды. Ғимарат жақын арада пайдалануға берілмек. «Руханият жылы» аясында жалпы құны 11 млрд. 500 млн. теңгені құрайтын «Руханият» орталықтары барлық аудан орталықтарында салынып, пайдалануға беріледі. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында құны 11 млрд теңгені құрайтын 27 нысан салынуда. Өткен жылы елді мекендерде 15 жаңа дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет ел игілігіне табысталды. Биыл қалған 11 нысан және 1 ауылдық аурухана салынады. Осы ретте, Аманкелді ауылындағы дәрігерлік амбулатория 103 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткізілуде. Жалпы, барлық сала бойынша жоспарлы жұмыстар атқарылып, елді мекендерді газдандыру, электр желілерін қайта жаңарту, су құбырларын жаңғырту, жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Биыл Айдарлы ауылының құрылғанына – 50 жыл. Елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстар атаулы дата аясында ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, бүгінгі таңда ауылдағы «Уәлихан» және «Тораңғылды» каналдары қазылып, аяқ су мәселесі шешімін табуда.

Жетікөл ауылында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында 6 көшеге бейнебақылау камералары орнатылса, Аманкелді елді мекенінде А.Ағайдаров, А.Жанкин, М.Қалымбетов көшелерінің ауыз су құбырларын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Кездесулерде елді мекен тұрғындары инфрақұрылымдық, білім, денсаулық, қоғамдық көлік және басқа салаларға қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аудан әкімі барлық ұсыныс бақылауда болып, тиісті жұмыстар атқарылатынын айтты.

БӨЛІСУ