Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 – мамыр Жеңіс күні мерекесіне орай жиын өтті. Бірінші кезекте университет ұжымы майдан даласында қаза тапқан жандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Жиында Басқарма Төрағасы-Ректор Бейбіткүл Каримова қатар келген мерекелердің маңызына тоқталды.
«Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген дана сөз бар. Батыр да жаужүрек аталарымыз ел тарихындағы небір сындарлы кезең, қиын замандарда жанқиярлық ерлік көрсете жүріп, бүгінгі бейбітшілік заманның негізін қалыптастырды. Азаматтарымыздың майдандағы ерліктері мен тылдағы ерен еңбектерінің мәні мен маңызын жастардың зердесіне жеткізу, Отанымызды болашақ ұрпақ үшін сақтап қалған аналарымыз бен аталарымызды еске алып, олардың өмір өнегесі мен ерлігін насихаттау – біздің азаматтық парызымыз», – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
Бейбіткүл Сәрсемханқызы мен әйелдер қауымы ұжымдағы ерлерді мейрамдарымен құттықтап, лебізін жеткізді. Ізгі тілекпен бірге өзінің қызметтік міндетінде нәтижелі жұмыс жүргізгені және университеттің стратегиялық дамуына үлес қосқаны үшін университеттің бірнеше қызметкерлерін марапаттады.
Айта кету керек, еліміздің көптеген аймақтарында су тасқыны орын алуына орай, мерекелік концерттік іс-шаралар тоқтатылды.