Аудан әкімі Ардақ Ибраимов 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай «ЕР ЕСІМІ ЕЛ ЕСІНДЕ» ескерткішіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысып, бабалар рухына тағзым етті.

«Ер есімі ел есінде» ескерткішіне жиналған аудан тұрғындары ұлы жеңіс жолында құрбан болған батырларды бір минут үнсіздікпен еске алып, құран бағыштады.

Жалағаш ауданынан соғысқа аттанған 2316 азаматтың 695-і ғана елге аман-сау оралса, 1621-нің сүйегі жат жерде қалды.
Қазір майдангерлеріміздің жауынгерлік жорық жолдары, ерлік рухы кейінгі ұрпақтарын, бүгінгі жас Отан қорғаушыларды әрқашан асқақ арман-мұраттар мен ерлікке бастап келеді.

Сонымен қатар, Ардақ Ибраимов Ұлы жеңіс күнінде ауыл шаруашылығы саласында жұмыс жасаған, тыл ардагері Мыңбай Байтынов пен еңбек майданында тер төккен Бибігүл Жанғалиеваның шаңырақтарына құттықтап барып, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтауын жеткізді.

Мереке қарсаңында елдің ықыласы мен ізгі тілегін жеткізген Ардақ Ибраимов, ардагерлеріміздің еңбек майданында жасаған адал еңбегі бүгінгі ұрпақ үшін зор мақтаныш екенін айтты.

Аудан әкімімен бірге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, алқа билер кеңесінің төрағасы Кенжеғара Сүлейменов, аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов және Жалағаш кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожантай Құлмахан мерекемен құттықтады!

БӨЛІСУ