Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Аудан басшысы көпшілікті мерекемен құттықтап, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан ел қауіпсіздігін сақтауға баса назар аударылғанын, еліміздің шекарасы белгіленіп, Қарулы Күштер қатары жасақталғанын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Отан қорғау – қасиетті парыз әрі мәртебелі міндет. Халқымыз антына адал, сертіне берік перзенттерін ерекше қадірлейді. Қорғаныс әлеуетімізді арттыру, сарбаздардың дайындығын күшейтіп, оларға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі» деп атап көрсетті. Президент тапсырмасымен бүгінде қазақ әскерінің қуаты артып, еліміздің айбынды қорғанына айналды. Құрлықта да, теңізде де, әуеде де біздің сенімді қамалымыз бар. Біз бұл күні арын – байрақ, намысын – найза еткен Ұлы Отан соғысы ардагерлері, ерлік пен батылдықтың өлшеусіз үлгісін көрсеткен барлық қазақстандықтар, Ауғанстан, таулы Карабахтың отты жолдарымен өткен, Чернобыль, Семей зардаптарын жоюға қатысқан ержүрек жауынгерлер алдында бас иеміз. Уақыт алмасады, ұрпақтар өзгереді, бірақ Отанға деген сүйіспеншілік, ерлік, жауынгерлік рухымыз өзгеріссіз қалады. Біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан. Қастерлі Отанымызға қалтқысыз қызмет ету және оны қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Осынау перзенттік парызымызды біз адал атқаруға тиіспіз, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мерекелік іс-шарада су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсеткен, сондай-ақ аудан дамуына, ел тыныштығы үшін қызмет етіп жүрген бірқатар азамат облыс және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Сонымен бірге аудан басшысы су басқан аймақтарға көмектесу үшін жинап жүрген қаражаттарын қайырымдылыққа арнаған оқушылар Дінмұхаммед пен Инабатқа ризашылығын білдіріп, Сламбековтер отбасына «Алғыс хат» табыс етті.

Салтанатты іс-шарада ауданның көрсемөнерпаздары концерттік бағдарламаларын ұсынды.

БӨЛІСУ