«AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы өз тиімділігін көрсетіп, жалпыхалықтық бағдарламаға айналды. Өткен жылы жоба еліміз бойынша 8 өңірде жүргізіліп, 65 мың тұрғын қаржылық сауатын арттыру оқу курсынан өткен болатын.

Ағымдағы жылы барлық өңірлерде іске қосылды. Сыр өңірінде жыл басынан 2500 жуық Қызылорда қаласы мен Сырдария, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудандарының тұрғындары қаржылық сауаттылығын арттырса, мамыр айының 13-нен бастап жоба бойынша оқулар Арал және Қазалы аудандарында 2 ай бойы аптасына 2 топтан және Қызылорда қаласында әдеттегідей 1 топпен жүргізілетін болады.

Бүгін партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова ZOOM конференциясы арқылы Арал, Қазалы аудандық партия филиалдарымен жиын өткізіп, жоба аясындағы оқу семинарларды жоғары деңгеде жүзеге асыруды тапсырды.

Партия филиалының Атқарушы хатшысы «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасының апталық курс қатысушылары қаржы кеңесшілерінен қарапайым отбасылық бюджетті мақсатты жұмысау мен қаржылық шығынды үнемдеуді үйренуден бөлек, enbek.kz порталына тіркелу мен жеке кәсіпкерлік ашудан, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін жасауға дейінгі көптеген сұрақ бойынша кеңес ала алатындығын сондай-ақ, оқу процесіне қатысушыларға заңгердің де көмегі беріліп, олар әр қарыз алушының несиелік тарихын жеке зерттеп,қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша кеңес беретіндігін атап өтті.

“Жалпы облыс бойынша биыл жоба аясында 8 000 азаматты оқу курсынан өткізу жоспарланса, олардың қатарында студенттер мен оқушылар да бар. Жаз айларында мектептердегі «Жаһандық құзыреттілік», «Қаржылық сауаттылық», «Кәсіпкерлік негіздері» пәндері мұғалімдерінің арнайы оқудан өтулері жоспарланған.Бұл үшін мектептердің аталған пәндерді оқытатын мұғалімдері мен оқитын оқушылары және олардың ата – аналары сауалнамадан өтті. Қазір колледждер мен жоғарғы оқу орындары оқытушылары мен студенттері сауалнамадан өтуде”,- деді жиын барысында Ләйлә Төрешова.

Отырысқа жобаның облыс бойынша менеджері, сертификатталған тренер, ментор Наталья Мишуковада қатысып, оқу сабақтары барысындағы кездескен оқиғалармен бөлісті.

Ақпарат үшін: жалпы курстарға жазылу үшін тұрғылықты жері бойынша «AMANAT» партиясының қалалық, аудандық филиалдарына немесе өңірлерде ашылған «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңселеріне хабарласуға болады. Сондай – ақ жобаға қатысуға ниет білдірушілерге ыңғайлы болу үшін qogamfin.kz. онлайн-платформасы әзірленді. Сайт арқылы оқыту курсына жазылып, пайдалы материалдар мен бейне сабақтарды жүктеп алуға болады.

БӨЛІСУ