Қазалыда 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 32 жыл толуына орай әскери-патриоттық сайыс өтті.

Жалаңтөс батыр атындағы стадионда ұйымдастырылған байқауға аудандағы мектептердің жоғары сынып оқушылары қатысты.

Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке үндейтін сайыста аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов құттықтау сөз сөйлеп ашып, жас сарбаздарға сәттілік тіледі.

– Биыл – қасиетті Қазақ жерін қорғайтын Қазақстан Қарулы күштерінің құрылғанына 32 жыл толып отыр. Бұл – батыр бабалардың даңқты жолы мен Отанға адал қызмет ету дәстүрін тоғыстыратын мейрам. Бұл күні біз Қарулы күштер ардагерлері мен сапта жүргендер сарбаздарымызға құрмет көрсетеміз. Себебі, мемлекеттің, қоғамның және әрбір азаматтың қауіпсіздігін қорғаушылар қандай марапатқа болса да лайықты.
Бүгін ертеңгі елдің болашағы жас сарбаздар арасында ұйымдастырылып отырған сайыста ата-бабаларымыздың ерлік дәстүрін лайықты жалғастыратын оқушылар айбынды азаматтарымызға тән өнер көрсетеді деп ойлаймын. Олай болса бүгінгі мерекеге орай ұйымдастырылып отырған әскери-патриоттық сайысты ашық деп жариялаймын және жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді Дәурен Оңғарбайұлы.

Мұнан соң ауған соғысының ардагері, Қазалыдан шыққан тұңғыш генерал – майор, Әлімжан Ерниязов сөз алып, жастарды отансүйгіштікке шақырды. Сондай-ақ барша жиылғандарды мерекемен құттықтады.

Мерекелік шара одан әрі жас ұландардың саптық шеруіне ұласты. Саптық байқауды ауданымыздағы мектептердің оқушыларынан жасақталған «Құрлық әскері», «Жас ұлан», «Әуе десанты», «Әскери теңіз күштері» сынды түрлі взводтардан құралған жас ұландар жалғастырды.

Саптық байқау, автоматты толық емес бөлшектеу және жинақтау, оқжатарды жарақтау сияқты кезеңдерден тұрған сайыстың жеңімпаздары мен білім беру ұйымдарындағы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері марапатталып, түрлі сый-сияпаттарға ие болды.

БӨЛІСУ