Қармақшы аудандық жыраулар үйінде Ұлы Отан соғысының ардагері, қоғам қайраткері Нұржігіт Нақыпұлының 100 жылдығына арналған «Ерлік пен еңбектің үлігісі» атты танымдық конференция өтті. Конференция жұмысына ардагерлер, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері, ұрпақтары мен туған-туыстары қатысты.

Конференция барысында Ұлы Отан соғысының ардагері Н. Нақыповтың өмірі мен еңбек жолы жайлы бейнебаян көрсетілді.

Тағылымы мол іс-шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы жиналған жұртшылықты Ұлы жеңіс күні мерекесімен құттықтап, қайраткер тұлғаның сұрапыл соғыста көрсеткен айбынды ерлігі мен бейбіт өмірде еліміздің өркендеуіне қосқан сүбелі үлесі туралы айрықша айтып өтті.

Одан соң, Нұржігіт Нақыпұлының ауданда сауда саласының дамуына қосқан ерекше үлесі туралы аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Ә. Құлдүйсенов, ардагерлердің қоғамдық қозғалысының нығайып, қалыптасуына қосқан елеулі үлесі туралы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, еңбек адагері Н. Салықов, ұрпақ тәрбиесіне қалдырған өзіндік қолтаңбасы туралы еңбек ардагері И. Жұмағұлов баяндама жасап, өз естеліктерімен бөлісті.

Сонымен қатар, ұрпақтар сабақтастығымен ел құрметіне бөленген жанның өнегелі өмір жолын жалғастырып келе жатқан ұлы Тілеуберген Нұржігітұлы ұйымдастырушыларға алғаусыз алғысын жеткізіп, ізгі лебізін білдірді.

БӨЛІСУ