Бүгін аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет Әйтеке би кентінде жүргізіліп жатқан бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жұмыстың сапасын бақылады.

Аудан басшысы алдымен орталық базар маңына жақын орналасқан С.Сейфуллин көшесін асфальттау жұмыстарын көрді. Жол құрылысы жұмыстарымен айналасып жатқан мердігер мекеме – “Нұрас И К” ЖШС-нің директоры Нұркен Ботабаев пен тиісті сала басшыларына асфальт төсеу жұмыстарын мерзімінде аяқтап, ең әуелі сапасына аса мән беруді тапсырды.

Мұнан соң Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығында салынып жатқан халықтың әлеуметтік осал топтарға берілетін тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын көрді. Бүгінгі таңда екі аралықтан салынатын 150 пәтерлі 75 үйдің құрлысы басталып кетті. Дәл қазіргі уақытта бұл жерде 20 үйдің құрылысы қарқынды жүруде, ал қалған үйлердің жерін дайындау, тегістеу жұмыстары жүргізілуде.

Тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын көрген аудан басшысы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Күзембаевқа әрбір үйдің сапасына асқан жауапкершілікпен қарап, тұрғынжайды ел игілігіне өз мерзімінде беру қажеттігін ескертті.

Айта кетейік, аудан басшысы Әйтеке би кентін аралау барысында аудан орталығындағы биыл жүргізілетін Жанқожа батыр мен Әйтеке би көшесін қайта жаңғырту жұмыстарының жобасын мердігер мекеме «Строй Модуль Астана» ЖШС-нің қызметкерлерімен бірге талқылады.

БӨЛІСУ