19 мамыр күні Қармақшы ауданының Жосалы кенті, ІІІ Интернационал және Ақжар ауылдық округінің әкімі сайланады.
Бүгінгі күні сайлау процесі Күнтізбелік жоспар аясында ұйымдастырылуда. Сайлау науқанына 9 учаскелік комиссия қызмет жасайды.
Бұл ретте Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері сайлау заңнамасын түсіндіру бағытында әдістемелік және ақпараттық көмек көрсету жұмыстарымен Қармақшы ауданына іссапармен барды.
Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері Берлібек Ахмет, Абай Тағыберген аудандық АСК және учаскелік комиссия мүшелеріне арнап оқыту семинарын өткізді. Оған төраға, төраға орынбасарлары, хатшы және комиссия мүшелері қатысты.
Алдымен учаскелік сайлау комиссиялары дауыс беру күнгі сәтте жүзеге асатын процесті практикалық мысалдар негізінде көрсетті.
Ал, облыстық АСК мүшелері тосын әрекеттерге негізделген жағдаяттардан шығу жолдарын түсіндіріп, нақты талдаулар жүргізді.
Оқыту барысында облыстық АСК мүшелері учаскелік комиссия мүшелерінің сауалдарына жауап беріп, дауыс беру күнгі заңдылықтарды сақтау бағытында кейстермен бөлісті.
Іссапар аясында облыстық АСК мүшелері кенттегі және ауылдық округе орналасқан бірнеше учаскені аралап, аудандық сайлау комиссиясы ғимаратына барып, комиссия мүшелерімен кездесті.
Айта кетейік, кент және ауылдық округ әкімі болуға үмітті 9 кандидат бар. Олардың 8-і ер, 1-і әйел азаматша. Кандидаттардың 7-і өзін-өзі ұсыну жолымен, 2-і саяси партия атынан сайлауға түсуде.