Қызылорда облысына жұмыс сапарын аймақтың емханалық және ауруханалық ұйымдарына барудан бастаған ҚР Денсаулық сақтау министрі  Ақмарал Шәрiпбайқызы “Достық үйiнде” өңір халқымен кездестi.

Тұрғындармен кездесу шарасын облыс әкімінің орынбасары  Данияр Еренғалиұлы ашып берiп, сөз кезегiн Ақмарал Шәрiпбайқызына бердi.
Министр өзінің кіріспе сөзінде “Халыққа медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту мақсатында Министрлік халықтың ұсыныс-пікірлерiне талдау жүргізiп, ұдайы жұмыс жасап келедi.
Мәселен, біз қолданыстағы анықтамалардың 27 түрін 2 есеге (10-12 анықтамаға дейін) қысқарту бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Пациенттерге ыңғайлы болу үшін жоспарлы емдеуге жатқызуға арналған талдаулардың тізбесі жалпы жиынтықта 42 зерттеуге қысқартылады және олардың қолданылу мерзімі 6 айға дейін ұлғайтылады.
Тегін амбулаториялық дәрі-дәрмектердің тізімдері және оларды алу тетіктері қайта қаралуда.
Денсаулық сақтау министрлігі еліміздің 7 өңірінде (Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе, Түркістан және Қарағанды облыстары), оның ішінде Қызылорда облысында жүкті әйелдерге пренаталдық диагностиканың инновациялық әдістерін жүргізуге және патологиясы бар баланың туу қаупін уақтылы анықтауға мүмкіндік беретін «Бір күндік клиника» пилоттық жобасын іске асыруда.
2024 жылы Қызылорда облысы үшін халыққа медициналық көмек көрсетуге 119,7 млрд. теңге бөлінді, бұл 2023 жылдан 9%-ға артық.
Қызылорда облысының халқын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде 2024 жылға 17,6 млрд.теңге, оның ішінде стационарлық деңгейде – 9,6 млрд. теңге, амбулаториялық деңгейде – 8 млрд. теңге бөлінді.
2024 жылы медициналық техниканы сатып алуға Қызылорда облысы үшін 8,6 млрд.теңге мөлшерінде қаражат бөлінді.
Халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде.
Сонымен қатар, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде сіздердің өңірлеріңізде ауылдағы 27 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанын салу жоспарлануда – бұл медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер, сондай-ақ ауыл тұрғындары үшін дәрігерлік амбулаториялар.
Бұдан басқа, ұлттық жобада күрделі жөндеу жүргізу және медициналық жабдықтармен жарақтандыру арқылы Шиелі, Қазалы, Жаңақорған және Арал аудандық ауруханаларын жаңғырту көзделеді.
Құрметті кездесуге қатысушылар, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту жөніндегі іс-шаралар белгілі бір уақыт пен ресурстарды талап етеді. Бірақ мен Денсаулық сақтау министрлігі халықтың күтуіне сәйкес келетін пациентке бағдарланған денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыруға бағытталған өз міндеттемелерін іске асыру бойынша тұрақты және дәйекті жұмыс жүргізетініне сендіремін” – дедi.
Одан соң аймақтың бас дәрігері Искаков Олжас Ермекұлы өңiрдегi медицина саласында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Өз кезегінде Ақмарал Шәрiпбайқызы аймақтағы денсаулық сақтау саласындағы атқарылған жұмыстарға оң бағасын берiп, сала жұмысын одан әрі дамытуға тапсырмасын бердi.
Сондай-ақ, жиын барысында тұрғындар медициналық кеңес пен медициналық көмектің қолжетімділігі, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық кадрларды даярлау туралы және тб сұрақтарына жауап алды.
Одан соң шара тұрғындарды жеке қабылдауға жалғасты.

БӨЛІСУ