Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен еліміздің бірқатар өңірлерінде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында «Таза Қазақстан – таза аймақ» науқаны бір деммен өтуде. Науқан 11 мамырға дейін жалғасады. 2 айға бойы жүргізіліп жатқан тазалық науқанының әр аптасының өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты белгіленген. Бүгін аудан аумағында өткен кезекті сенбілікте елді мекендер тазартылып, тұрмыстық қалдықтар шығарылды, айнала абаттандырылды.
Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев аталмыш науқан аясында аудандық мәслихат хатшысы Төрахметов Базарбай, ауданның белсенді жастары және жергілікті мекеме ұжымдарымен бірге Қамыстыбас ауылдық округіне қарасты «Аққұмшық» жағажайындағы тазалық шарасына қатысты. Сонымен бірге, Аманөткел ауылдық округіндегі «Кәрібөгет» көпірінің маңайына жүргізілген сенбілік жұмыстарына да атсалысып, қоршаған ортаны көркейтуге жұмылды. Аталған жұмыстар экологиялық акцияның «Мөлдір бұлақ» тақырыбында жүзеге асуда.
Осы ретте, аудан басшысы аудан тұрғындарын тазалық жұмыстарына ұйытқы, жақсы істерге дәнекер болуға шақырды.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына үн қосқан аралдықтар төңіректің санитарлық жұмыстарына белсенді түрде атсалысты. Аудан көлемінде қызу жүргізілген шараға тұрғындар, мекеме ұжымдары, еріктілер қатысып, қала аумағын тазалау жұмыстарын қарқынды жүргізді. Нәтижесінде қалаға кіре беріс аймақтар, әлеуметтік нысандардың айналасы мен орталық көшелердің бойы қоқыс қалдықтарынан тазартылды. Сондай-ақ, ағаш түбтері қопсытылып, әктеу-сырлау сынды бірлескен жұмыстар атқарылды.
Сенбілік жұмыстары қоғамның назарын тазалық сақтауға аудару мен әр аумақтың санитарлық жағдайын жақсартуда маңызы зор. Аудан тұрғындарын өзі тұратын үйдің ауласын таза ұстап, рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс қалдықтарын тастамай, өңір тазалығының сақталуына үлес қосуға шақырамыз.