Сапар барысында Ақмарал Шәріпбайқызы ауданаралық ауруханаға барып жұмысымен танысты және дәрігерлердің пікіріне құлақ асты. Әрі аудан тұрғындарына аса қажетті құралдар сатып алу жоспарымен танысып, министрлік тарапынан тұрғындар денсаулығын жақсартуға барлық жағдай жасалатынын айтты.

Мұнан соң, министр Талаптан ауылдық округінде жаңадан бой көтерген дәрігерлік амбулаторияға барып, тұрғындармен тілдесті. Сондай-ақ, салада қордаланған мәселелерді атап өтіп, шешу үшін тиісті жұмыстар жүріп жатқандығына тоқталды.

Ауданда денсаулық саласында 1 млрд 285 млн теңгеге Бала би, Досбол датқа, Бұланбай бауы елді мекендеріндегі медициналық амбулаториялардың нысандары халық игілігіне пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, осы жылы Алмалы, Тәжібаев, Ортақшыл, Тартоғай, Бестамауылдарынан дәрігерлік амбулатория құрылыстары жүргізілетін болады.

2023 жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасына сәйкес кент орталығында 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімі ғимаратының құрылысы жобасына ЖСҚ әзірленіп салалық министрліктерге бюджеттік өтінім тапсырылды (жобалық құны 2,6 млрд теңге).

Шиелі ауданаралық аурухана ғимаратына блок қосу арқылы қайта құруға (МРТ құрылғысын орнату үшін қосымша құрылысы) ЖСҚ демеушілік есебінен әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Нысан құрылысын республикалық бюджет есебінен ағымдағы жылы іске асыру жоспарланған.

Нысан іске қосылғанда аудан тұрғындары облыс орталығына бармай-ақ, ауданда тиісті медициналық талдаудан өте алады.

Елді мекендер бойынша Н.Бекежанов, Ш.Қодаманов, Ақмая елді мекендері бойынша ведомстводан тыс сараптама қорытындысы алынып құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізіліп, газға қосылды.

Ал, Н.Бекежанов, Ш.Қодаманов, Ақмая, Еңбекші, Жиделіарық және Көкшоқы дәрігерлік амбулатория ғимараттарын газбен жабдықтауға 5,1 млн теңгеге ЖСҚ әзірленіп, газға қосу жоспарлануда.

Сонымен қатар, аудандағы өзекті мәселелерінің бірі ол – жедел жәрдем көліктерінің ескіруі, осы ретте аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес жаңадан автокөлікпен қамту мәселесін кезең-кезеңімен шешу жөнінде жұмыстары атқарылуда.

БӨЛІСУ