«Тазалық – табалдырықтан басталады», – дейді халық даналығы. Осы бір жақсы сөзді жанына серік еткен қазалылықтар бүгінгі аудан көлемінде өткен санитарлық – тазалық жұмыстарына белсене атсалысты.

Еліміз бойынша жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған сенбілік жұмыстарына аудан тұрғындарымен қатар барлық мекеме, кәсіпорын ұжымдары қатысты.

Таң сәріден басталған сенбілік жұмыстары Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласынан бөлек, барлық ауылдық округтерде де ұйымдастырылды.

Сенбілік жұмыстарын аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет аралап, Әйтеке би кентіндегі белгіленген 7 аймақ бойынша жүріп жатқан жұмыстарды көрді. Сондай-ақ әрбір аймақтың жауапты басшыларына өздеріне бекітілген аумақтарды ұдайы бақылауда ұстап, тазалық жұмыстарын жүргізіп отыруды тапсырды.

Сонымен қатар аралау барысында көше комитеттерінің төрағаларымен және тұрғындармен де пікірлесті. Аудан басшысы туған жердің игілігі үшін жасалып жатқан тазалыққа біркісідей атсалысып, ортақ жұмысқа жанашырлықпен қарауға шақырды.

Айта кетейік, сенбілікте Әйтеке би кентінің орталық көшелерінде әктеу сырлау жұмыстары жүргізіліп, көп қабатты үйлердің араларын, кенттің ішкі көшелерін, Қарамай көл аумағын тазалауға барлық мекемелер атсалысып, қоқыстар арнайы орындарға шығарылды.

БӨЛІСУ