Бүгінде Қызылорда облысында конго-қырым геморрагиялық қызбасының эпидемиологиялық ахуалы тұрақсыз деп бағалануда. Сәйкесінше, жыл басынан бері 108 адам кене шағу жағдайымен медициналық көмекке жүгінген. Оның ішінде конго-қырым геморрагиялық қызбасына 2 күдікті жағдай анықталып, 1 дерек зертханалық жолмен нақтыланды. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әлия Мүтәліпқызы хабарлады.
-Еліміздің оңтүстік бөлігінде орналасқан 4 аймақ Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан табиғи ошағы болып саналады. Бұған аталған өңірлердің климаттық жағдайы кененің көбеюіне қолайлы болуы. Қазіргі таңда кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Бұдан бөлек, наурыз айынан бастап зоопаразитологиялық топпен бірге кене жинау шаралары басталған болатын. Тиісінше, бүгінгі күнге дейін 11 979 дана кене жиналып, оның 1331-не сынама жасалды. Нәтижесінде, 13 кенеден оң нәтиже анықталды. Сондықтан облыс тұрғындары далалық аймақтарда, мал қорлары жанында жүргенде барынша сақтық шараларын сақтау қажет. Ал, конго-қырым геморрагиялық қызбасының ауру белгілері анықталған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгінген абзал, – деді Әлия Мүтәліпқызы.