Қала әкімі Серік Қожаниязовтың төрағалығымен әкімдік мәжілісі өтіп, мезгіл мәселесіне орай екі тақырып талқыланды.
Көктем-жаз айларында кенемен күрес кезеңі жүретіні белгілі. Биыл да осы бағыттағы қажетті шаралар атқарылуда. Қазіргі таңда мамандар қала көлемінде оң нәтижелі кенелер анықталған 12 ошақты есепке алды.

Конго-қырым қанды безгегінің табиғи ошақтарында орналасқан елді мекендердің кенеден сақтануына ауыл тұрғындарының малы мен қора-қопсысын залалсыздандыру жұмыстары шұғыл жүргізілуде. Алғашқы кезеңдегі іс-қимылға сәйкес, механикалық әдіс-тоғыту ванналары арқылы қолдағы уақ малдар тоғытудан өткізілуде. Бұл жұмыстарға ерекше мән беруді тапсырған қала әкімі қосымша қажетті дәрілік заттарды алуға қолдаулар жасалатындығын жеткізді. Айта кету керек, алдағы мамыр айының 12-24 жұлдызы аралығында екінші кезеңнің жұмыстары басталады.

Көктем шыға белгіленбеген орындарда тұрып, ашық ас-сусын саудасын қыздыратындардың қатары артады. Оларға ескерту жасалып, заң аясында шара көрілгенімен, үйреншікті жұмыстарына қайта оралып, жалғастыра береді. Бұл жағдайлар тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізері анық. Осыған орай, қала әкімі Серік Салауатұлы барлық құқық қорғау органдары мен тиісті саланың басшыларына көше бойыларында ашық тамақ өнімдерін сатушыларға шектеу қоюды тапсырды.

БӨЛІСУ