Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы табиғи ошақтық аса қауіпті ауру. Осы қауіпті ауруды жұқтыру көктемгі, жазғы және күзгі маусымдарда тіркеледі.
Адамдарға бұл ауру, денесінде ауру қоздырғышы бар кене шаққанда, науқас адамдармен қарым-қатынаста жұғады. Уақытылы дәрігерге көрінбесе өлім жағдайына әкеледі.

Үстіміздегі жылға облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сәйкес, КҚГҚ ауруынан облыс бойынша 115 елді мекен (2023 жылы 106 елді мекен) қолайсыз болып танылды.
Осыған байланысты, залалсыздандыру (дезинсекция) жұмыстары басталмай тұрып, аса қауіпті аурудың зардабын тартпас үшін мал қораларының көң-қилары уақытылы алынуына, механикалық-санитариялық тазалануына әрбір тұрғын жұмыс жасаулары қажет.

Айта кету қажет, мал жайылымдары мен далалық жерлерде, егіс алқаптарында еңбек ететін адамдар кенелерден сақ болғаны жөн. Жұмыс кезінде ұзын жеңді, ашық түсті киім киіп, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салып қою қажет. Дененің барынша жабық болғаны дұрыс. Малды күту және қырқым кезінде арнаулы қорғаныс киімдер мен қолғап киюді естен шығармаған абзал. Жұмыс соңында аса сақтықпен (жалаңаш қолмен алуға болмайды) денесі мен киімдерін кенеден тазартып отыруды әдетке айналдыруы қажет.

Осыған орай, кене шаққанда өздігіңізбен емделуге болмайды. Себебі, денеге жабысқан кенені дұрыс алмасаңыз, жағдайыңыз тіптен нашарлап кетуі мүмкін. Кенені май тамызып алуға болмайды, қанға тойып алған кене тұншығып, қанды қайтадан жараға төге салуы мүмкін. Өзіңіз жұлып тастасаңыз, тұмсығы теріде қалып қояды. Оны байқау өте қиын. Ең дұрысы, денедегі кенені пинцетпен немесе ілмек жасап жіппен сағат тіліне қарсы бағытта бұрап отырып алу. Шаққан жерді тек антисептик немесе спиртпен өңдеу керек.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының бастапқы кезеңінің белгілерін ықтимал анықтау мақсатында аумақтық медициналық ұйымға жүгінген адамдардың денсаулық жағдайына кене шаққаннан кейін 14 күннің ішінде мониторингтеу жүргізілуде. Ағымды жылдың эпидемиялық мерзімі басталғалы бері қалада кенеден зардап шегіп, медициналық көмекке 54 адам қаралған.

Қолайсыз аймақтардың санитариялық-қорғаныш белдеулерінде, буферлік аймақтарды құру және ауылшаруашылығы мал бастары мен олардың қора-жайларында көктемгі кенеге қарсы дезинсекция жұмыстарының 1-кезеңі 11-24 сәуір аралығында өтсе, 2-кезеңі 12-24 мамыр аралығында жүргізіледі.

– Қала бойынша  Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы табиғи ошағында кенелерге қарсы залалсыздандыру жұмыстары көктемгі эпидмаусымда – 625 гектар жер көлемінде жүргізілді. Бұл кенеге қарсы өңдеу жұмыстары орталықтың бригадасымен «Дельтаметрин» және «Фаворит» дезпрепараттарымен жүргізілді, – деді ҚР ДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығы» Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Фарида Ыдырысқызы.

Айта кету керек, инфекцияны жұқтыру көп жағдайда кене шағумен, мал күтімімен, ауылшаруашылық жануарларын союмен, науқасқа күтім жасаумен байланысты болады. Сондықтан далалық аймақтарда жүргенде барынша сақтанған абзал. Кене малдың үстінде болатындығын ескере отырып, малды алдын ала кенеге қарсы егіп, мал қорада кенеге қарсы улау жұмыстарын жүргізу керек және мал күтімімен айналысу барысында бөлек арнайы киім пайдалану қажет.

БӨЛІСУ