Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жұмыс сапарымен қыр беткейде орналасқан Ерімжатжаға және Жіңішкеқұм елді мекендерінде болды.

Ауыл халқымен жүздескен аудан басшысы өңірдегі жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы міндеттерді саралап өтті.
Алдымен Қарақұм ауылдық округіне қарасты Ерімбетжаға елді мекенінде өткен кездесуде тұрғындар аудан әкімінің жұмысына сәттілік тілеп, бірқатар ұсыныс-тілектерін жеткізді. Ауылға қатынайтын автокөлік жолын тегістеу, ауыз су, электр қуатының аздығы мәселелерін айтты.

Ал Атанши ауылдық округіне қарасты Жіңішкеқұм елді мекенінің тұрғындары су ұңғымасын қазу қажеттігін және жол қатынасы қиындық тударатындығын білдірді.
Ауыл тұрғындарының пікірлерін мұқият тыңдаған аудан әкімі ерімжағалықтарға ауылға барар жолдың уақытша тегістелетіндігін, ауыз су мәселесі бойынша Тоқабай, Абай елді мекендеріне су желісі тартылған соң қолға алынатындығын жеткізді. Сондай-ақ, ауданға қарасты ауылдық округтердің электр желілерін жаңғырту жұмыстары реттілігімен жүргізіліп жатқаны түсіндірілді.

Жіңішкеқұмдықтармен өткен кездесуден соң аудан басшысы ауыл маңындағы су ұңғымасының қазіргі жағдайын көрді. Тұрғындар сұранысына сәйкес су ұңғымасын қазу үшін жоба әзірленіп, тиісті салалық басқармаға қаржыландыруға ұсынылған.
Ауылдық округтерге жасаған сапар барысында аудан әкімі мектеп, балабақша, ауылдық клуб, медициналық бекет ғимараттарын аралады. Ауыл халқына қызмет көрсететін нысандардың жұмысымен танысқан соң мекеме басшыларына ғимаратты талапқа сай күтіп ұстау және тұрғындар үшін жұмыс сапасын арттыру жөнінде тапсырма берді.

Атап өтейік, елді мекен тұрғындарымен өткен кездесуде ауыл халқына арналған мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдетілген несие алу жолдары түсіндірілді.

БӨЛІСУ