Субсидиялау ережелеріне өзгерістер енгізілді.
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының адаңында мал шаруашылығы саласындағы субсидиялау ережелеріне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша жиын өтті. Жиын аясында өңіріміздің ауылшаруашылық тауар өндірушілері тарапынан келіп түскен өтініштеріне сәйкес, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бас маманы Жандос Мустаяпов түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Басқарма өкілі өз кезегінде «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы №108 бұйрығына енгізілген өзгерістер жайында айтып өтті.
«Осы өзгерістерге орай, биылдан бастап субсидиялау талаптары жеңілдетілді. Селекциялық және асылтұқымдық жұмыстарында төл пайызы сұратылмайтын болды. Жаңа ереже бойынша селекциялық-асылдандыру жұмыстары мәселелерінде фермерлерге көбірек дербестік берілетін болады. Енді олар өз қалауларымен көбеюдің 3 тәсілінің кез-келгенін таңдай алады: жасангды ұрықтандыру, еркін ұрықтандыру, мамандандырылған жасанды ұрықтандыру құрылымдарының қызметтерін пайдалану. Сонымен бірге, енгізілген өзгерістерге сәйкес, субсидиялау базасы салық органы мен жер кадастры базаларымен интеграция жасалып, субсидияланған мал басын сақтау қажеттігі және субсидиялауға өтінім тапсыру барысында қосымша дәлелдеме құжаттарының сканер нұсқасын енгізу қажеттігі туындағанын айтып өткім келеді” деді Жандос Мустаяпов.
Сонымен қатар, шаруа қожалықтары өкілдерінің тарапынан мемлекеттік орган қызметкеріне түрлі сауалдар қойылып, ұсыныстар айтылды.
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Агроөнеркәсіп кеңесінің мүшесі, «Сыр сыйы» ШҚ-ның өкілі Нұрлан Биманов «Шаруа адамдарының көбі жайылымдық мақсатқа жалға жер алып, кәсібін дамытайын десе, ол үшін кезінде пайдалы қазбаларды игеруге рұқсат алған мұнай компанияларынан рұқсат алуы керек болады. Ал, компаниялар өз кезегінде жер қойнауын зерттеу барысында мұнай шыққан жағдайда шаруалар жерді уақытылы босатпайды деген қауіппен бұл рұқсатты бере бермейтіні анық. Осы орайда, жалға алынған аймақтардан қазба байлықтары шыққан жағдайда, шаруалар жер учаскесін уақытында босатуы керек деген келісім-шарт жасау керек шығар» деп өз ұсынысын білдірді.
Басқарма өкілі ұсыныстың орынды екенін тілге тиек етіп, жиын барысында ұсынылған барлық мәселелер алдағы уақытта жан-жақты зерделенетінін және ауылшаруашылығы басқармасының субсидиялау бойынша шаруаларға барынша көмек көрсетуге мүдделі екендігін айтты.