Қазалыда 23 сәуір – Халықаралық кітап және авторлық құқық күніне орай «Кітап шоу-2024» кітап фестивалі өтті.

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен өтетін рухани-мәдени бұл шара жыл сайын ауданымызда дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Кітап фестивалі бұл жолы аудандық орталық кітапханада «Үздік оқырман 2024», «Табиғатты аялайық» сынды керемет байқаулармен бастау алды.

Мұнан соң аудан әкімдігі ғимаратының алдында фестивальдің ашылу рәсімі басталып, рухани шараны аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов ашып берді. Сондай-ақ, тағылымды шараның маңызына тоқталып, жиылғандарды мерекемен құттықтады.

Аталмыш шара аясында «Әлем әдебиетінің жауһарлары» атты кең көлемді кітап көрмесі де ұйымдастырылып, ақын-ұстаз Сағыныш Мұхитқызының «Сырұя» кітабының түрік тіліндегі басылымының тұсауы кесілді.

Айта кетейік, кітап күніне орай ұйымдастырылған рухани шарада мұнан өзге де сырлы сұхбаттар, керемет көріністер, ашық әңгіме өрбітер жергілікті ақындармен кездесулер және поэзия кештері сынды шаралар өткізілді.

Кеш соңында концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, шара барысындағы түрлі танымдық сайысқа қатысқан оқырмандарға арнайы алғыс хаттар табысталды.

БӨЛІСУ