Бүгін облыстық мәслихаттың кезектен тыс XIII сессиясы өтті. Сессияға облыс әкiмi Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, облыс әкiмiнiң орынбасарлары мен құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, облыстық басқармалар және аумақтық инспекциялардың басшылары қатысты. Аудан, қала әкімдері, мәслихат төрағалары және активі бейнебайланыс жүйесі арқылы қосылды.

Айта кетейік, 25 сәуір күні ҚР Парламенті Сенатының шығып қалған депутатының орнына сайлау өтіп, нәтижесінде 78,9% дауыспен Байқадамов Наурызбай Сейтқалиұлы сайланды.

Бүгінгі сессияда ҚР Парламенті Сенатына сайланған Байқадамов Наурызбай Сейтқалиұлының мәслихат депутаты ретіндегі өкілеттігі тоқтатылды.

Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов қалыптасқан бос орынға 2023 жылдың 19 наурызынан бастап «AMANAT» партиясы облыстық филиалының партиялық тізіміне бірінші болып тіркелген Тілеуімбетов Мұрат Жолкелдіұлының жаңа депутат ретінде тіркелгенін хабарлады.

Сонымен бірге, сессияда «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес ашық дауыс беру арқылы депутаттар жалпы санының көпшiлiк даусымен Тілеуімбетов Мұрат Жолкелдіұлы Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы болып сайланды.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Наурызбай Байқадамовқа облыстың ең жоғарғы наградасы – Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстап, Мұрат Тілеуімбетовтың жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

«Өңірде атқарылған ауқымды шаралардың әркез басынан табылып, облыстық мәслихаттың төрағасы ретінде халық қалаулыларын мақсатты жұмыстарға жұмылдыра білген Наурызбай Сейтқалиұлының еңбегін ерекше атап өту қажет. Тек депутаттармен, мемлекеттік органдармен жұмыс жасап қана қоймай, өңірдің идеологиялық бағыттағы маңызды жұмыстарына, бұқаралық ақпарат құралдары, азаматтық қоғам өкілдерімен де бірлесіп, белсенді шаралар атқарды. Облыстық мәслихаттың және «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы ретінде жұмыстарды жоғары деңгейде үйлестіріп, ел мүддесі жолында адал қызмет еткен Наурызбай Сейтқалиұлына Сыр өңірі халқының және өзімнің атымнан алғысымды білдіремін!
Осы кезге дейін Жаңақорған ауданының әкімі қызметін атқарып келген Тілеуімбетов Мұрат Жолкелдіұлы өздеріңіздің қолдауларыңызбен қызметін Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы ретінде жалғастыратын болады. Мұрат Жолкелдіұлы – 15 жылға жуық мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі басшы. Осы кезге дейін атқарған қызметіңізге алғыс білдіріп, Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы болып сайлануыңызбен құттықтаймын! Аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму бағыттағы жұмыстарды депутаттық корпуспен әрі қарай жандандырып, жүйелі түрде жүргізеді деп сенеміз. Алдағы бірлесіп атқарар жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!» , – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

БӨЛІСУ