Сырдария ауданындағы «Мағжан және К» ЖШС-нің егіс алқабында өткен «Дала күні» семинар-кеңесінде Қытай инвесторлары өкілдерінің қатысуымен өңірдің ауыл шаруашылығы саласына робототехниканы енгізу, кадр даярлау, сервистік қызмет көрсету орталығын ашу жөнінде меморандумға қол қойылды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев шаруа қожалықтарындағы жұмысты озық технологиялар көмегімен жеңілдетуге мүмкіндік мол екенін айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында 2040 жылға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін екенін атап өтті. Бүгінгі су тапшылығы жағдайында су үнемдеу технологияларын өндіріске енгізу және егісті әртараптандыру өте маңызды. Сондықтан, күріш егісінің көлемін тұрақтандырып, атыздарды лазермен тегістеуіміз қажет. Бұл суды 20 пайызға дейін үнемдеуге, өнімділікті 30 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, өндіріске жаңа технологияларды, оның ішінде дрон қондырғыларын кеңінен пайдалануда. Егістікке тыңайтқыштар мен пестицидтер беруде дрон пайдалану экономикалық тұрғыда тиімді. Сондықтан, біздің аймақта да осы тәжірибені енгізуді қолға алу қажет», – деді аймақ басшысы.

Семинар-кеңес соңында Қытай инвесторлары өкілдерінің қатысуымен «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ғизат Әбілтай және «Сұңқар Эвижен Интернейшнл ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Азат Бетекбаев өзара әріптестік орнатуды көздейтін құжатқа қол қойды. Аталған меморандум – ауыл шаруашылығын цифрландырудағы алғашқы қадам.

БӨЛІСУ