Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен мәжіліс отырысы өтті. Күн тәртібінде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын тұрғын үймен қамту мәселесі қаралды.
Жалағаш ауданы бойынша халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына тұрғын үй қорынан 2020 жылы – 10 тұрғын үй, 2021 жылы – 20 тұрғын үй, 2023 жылы – 51 тұрғын үй сатып алынған.
Бұл жұмыстарды жалғастыру мақсатында ағымдағы жылы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына тұрғын үй қорынан 5 пәтер сатып алуға 63,6 млн. теңге бөлінді.
Сонымен қатар, қосымша 95 пәтер сатып алуға өтінім беріліп, барлығы 100 пәтер сатып алу межеленіп отыр.
Мәжілісте аудан әкімі Ардақ Ибраимов облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, тұрғын үйлердің сапасы мен жайлылығына мән беру қажеттігін айтты.
Жалағаш кенті, Дәуімбай учаскесінде салынып, сатып алынған тұрғын үйлердің құрылысы барысында жіберілген кемшіліктері биыл қайталанбау қажеттігін жеткізді. Ол үшін кәсіпкерлермен алдын ала жұмыс жасап, кемшіліктерді дер кезінде жойып отыру ескертілді.
Тұрғын үйлер арнайы бекітілген эскиздік жобаға сәйкес салынуын және құрылыс жұмыстарының сапалы болуын сала бойынша жауапты аудан әкімінің орынбасары Ә. Байнахатовқа тапсырды.