Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Медиаторлар кеңесінің ұйымдастыруымен Абылай хан атындағы колледжде кездесу өтті.
Кездесуге «Бітім» медиация орталығының директоры, «Анаға тағзым» орталығының медиаторы, кәсіби медиатор Жанна Мирамбекқызы және облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы, Медиация кабинетінің үйлестірушісі Шахизат Абдраманова және колледж студенттері қатысты.
Ж. Мирамбекқызы медиация – уақытты үнемдеу және бейбіт келісімге келудің ең тиімді жолы екендігін алға тартты. Әсіресе, оқу саласында, оқытушы мен студент арасындағы кикілжіңдер, отбасы, жер, көрші, жесір дауларының барлығы осы медиация жолымен шешкен әлдеқайда тиімді екендігін айтты.
«Отбасылық даулар, ажырасуға дейін апаратын жанжалдар біздің қоғамда көптеп орын алып жатқаны өкінішті. Әсіресе, ерлі-зайыптылардың арасында мәселені шешудің орнына қайта күрделендіріп жіберетініне көзіміз жетіп жүр. Некені бұзуға келіскен ерлі-зайыптылардың арасында отбасындағы балаларға психологиялық жағынан өте ауыр тиеді. Оның мінезі тұйықталып, қиналады. Бұл тұрғыда медиация орталығы тегін кеңес береді. Орталықта психолог маман жұмыс істейді. Жастарға қатысты барлық мәселелерге байланысты кеңес береді. Сонымен бірге, орталыққа телефон арқылы хабарласып, қажетті кеңес ала аласыздар», -деді.
Ш. Абдраманова медиация институты, оның тиімділігі, медиация тәсілін меңгеру пайдасы, медиацияның тетіктерін ұтымды пайдалану, қызметте, қоғамда, жастар арасында орын алатын дауларды екі тарапқа да оңтайлы реттеу сынды мәселелерді қозғады.

БӨЛІСУ