Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі және «Отбасын қолдау орталығы» КММ ұйымдастыруымен «Қоғамдағы әйел мәртебесі» тақырыбында ашық алаң өтті.
Ашық алаңға әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы, мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған аналар қатысты. Оларға арнайы түрлі сала мамандары әлеуметтік, құқық, заң, психологиялық кеңестер берді. Аналардың қоғам алдындағы жауапкершілігі, отбасындағы дұрыс қарым-қатынас туралы ақпарат алып, қолдау көрсетілді.
Іс-шара «Қазақтың қайсар қыздары» атты прологпен басталды. Аналар кеңесінің төрағасы Айгүл Мұсабаева алғы сөзінде ашық алаң жұмыс жоспарына сәйкес 12 мамыр –Аналар күніне арналғандығын айтты.
«Отбасындағы түрлі мәселелер – мемлекет назарында» тақырыбында «Әділдік жолы» РҚБ-нің Қызылорда облыстық филиал төрағасы, облыстық ҚХА жанындағы Медиаторлар Кеңесінің төрағасы, Халықаралық дәрежедегі тренер-медиатор Ләззат Бақтыбаева «Қазіргі таңда ана да, әке де ақша табу жағын көбірек ойлап, ал бала болса интернет әлемінде өмір сүріп жатыр. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы ішінде, аналарға деген қолдау мемлекеттен әркез де болған. Несие алса да, кәсіп ашам десе де барлық жағынан жеңілдіктер қарастылыған. Дегенмен, бұл жеңілдіктерді қолданбай, басқа бағытпен, мәселен ажырасу арқылы баспана мен атаулы көмектерге ие болып жүргендер қаншама», -деді. Сонымен бірге, жасөспірімдер мен әйелдер арасындағы зорлық-зомбылық болған жағдайда, заң тарапынан қандай жазалар қолданылатынын айтып өтті.
«Әйел азаматтарының қоғамдағы рөлі» тақырыбына «Қазақстандағы орыс қауымдастығы» ҚБ Қызылорда облыстық филалының төрағасы Наталья Мишукова тоқталды. Жалпы қаржылық сауаттылықтың жоқтығы көптеген кедергілер мен қиыншылықтар тудыратындығын атап өтті. Әйелдер арасында қаржылық білімдерін арттыру бағытындағы жұмыстарды үйлестіруге даяр екендігін ескеріп, «Қарызсыз қоғам» жобасының маңыздылығын түсіндірді.
«Қазақ әйелдерінің ұстанымы – ұлт ұстанымы, қазақ әйелдерінің бейнесі – ұлт бейнесі» тақырыбында Даналық мектебінің жетекшісі Тамаша Әбілқасымова, «Ұлы даланың қыздары – құндылықтардың сенімді сақтаушылары» ұстаз Нағира Қонысова және «Дәстүрлі мәдениеттің бесігінде тербелген – қазақ әйелі» қалалық әйелдер кеңесінің төрағасы Назиға Кенжеғараева сөз қозғап, халыққа қамқор ісімен, ұрпаққа мейірімді аналық үлгісімен, жанды тәрбиесімен, көзге көркем, ұнамды, жағымды бейнесімен дараланған қазақ аналары туралы кеңінен ой толғады.
Ашық алаңға келген аналар сала мамандарына өздерін толғандырған сауалдар қойып, осындай бағыттағы басқасулар жиі болып тұрса деген ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

БӨЛІСУ