Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен бейнебақылау камералары мен аналитикалық жүйені енгізуді ұйымдастыру бойынша жиын өтіп, сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктелді.

Аймақ басшысы цифрлық технологияларды енгізу арқылы сервистерді оңтайландыру тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға және қауіпсіздік мәселесін шешуге бағытталуы тиіс екенін атап өтті.

«Облыстық полиция департаменті «Сергек» жобасына сәйкес бейнебақылау камераларын орнату бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімінің заңды құжаттары рәсімделгенге дейін оны пилоттық жоба ретінде екіжақты меморандум арқылы осы жылдың 1 тамызына дейін толық іске қосуы керек.
Сонымен бірге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік конкурсының жұмыстарын да 1 тамызға дейін аяқтау міндеттеледі. Барлық аудандағы кіші жедел басқару орталықтарын жөндеуден өткізу және заманауи құрылғылармен қамтамасыз ету мәселесін пысықтап, тиісті ұсыныс енгізуді тапсырамын.
Жасыратыны жоқ, көпшілік арасында «бейнебақылау камерасын көбейту айыппұл салып, қаржы жинауды көздейді» деген біржақты қате түсінік бар. Алайда, біз үшін тұрғындардың қауіпсіздігі аса маңызды,– деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жиында облыстық полиция департаменті бастығы, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері мәселеге қатысты сұрақтарға жауап беріп, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Қазір Қызылорда қаласында Жедел басқару орталығына қарасты 272 бейнебақылау камерасы жұмыс жасайды. «Әкімшілік өндірістің бірыңғай тізілімі» (ЕРАП) бойынша термопринтер және планшеттермен, «Электронды қылмыстық іс» жобасы шеңберінде техникалық құрал-жабдықтармен 100% қамтылған. Тағы 20 «Аркан» стационарлық жылдамдық өлшегіші, 5 интеллектуалды қиылыс орнатылған.
«Қауіпсіз қала» жобасын жүзеге асыру мақсатында биылдан бастап Қызылорда қаласындағы қоғамдық орындар мен көпқабатты үй аулаларына 1400 бейнебақылау камерасы, 19 интеллектуалды қиылыс, 58 стационарлық жылдамдық өлшегіш қондырғы, 20 Sergek Qorgau мобильді жұмыс орны орнатылмақ.

Жедел басқару орталығын қайта жаңғырту жоспарлануда. Бұл – тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қылмыс пен бұзақылықтың алдын алу үшін қолға алынған шара.
Сондай-ақ, жоба бойынша демеушілік есебінен тұрғындардың игілігі үшін халық көп шоғырланатын қоғамдық орындарды тегін Wi-Fi желісімен, интеллектуалды көлік жүйесімен және IT park ғимаратын заманауи техникалармен жабдықтау жоспарланып отыр.

Бұдан былай Sergek Qorgau мобильді қосымшасы арқылы жол-патрульдік полиция қызметкерінің планшетінде көлік және жүргізушінің барлық деректері (жүргізу куәлігі, сақтандыру, техосмотр, мем.нөмір, бұзушылықтары) қолжетімді болады. Бұл жол-көлік ережелерін қатарынан бірнеше рет бұзу фактілері белгілі болғанда 5 минут ішінде «Қауіпті жүргізуші» статусын анықтауға және көлікті оперативті түрде ұстауға мүмкіндік береді.

БӨЛІСУ