«Қарызсыз қоғам» жобасы аясындағы оқу семинарының 9 аптасы қорытындыланды.

Партияның «Қарызсыз қоғам» жобасы аясындағы оқу семинарының кезекті тағы бір аптасы қорытындыланды. Бүгін партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова Шиелі ауданында болып, партияның аудандық филиалының төрағасы Болат Сыздықпен бірге апталық оқу курсын нәтижелі аяқтаған Еңбекші ауылының азаматтарына арнайы сертификаттарды табыс етті.

«Қарызсыз қоғам» жобасының маңыздылығына тоқталған партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы биыл өңірімізде жоба аясында 8000 азамат білім алатындығын, олардың қатарында мектеп оқушылары да қамтылатындығын жеткізіп, осы бағытта жаз айларында мектептердегі «Жаһандық құзыреттілік», «Қаржылық сауаттылық», «Кәсіпкерлік негіздері» пәндері мұғалімдерінің арнайы оқудан өтулері жоспарланып отырғандығын айтты. Сонымен қатар, азаматтарға консультациялық көмек көрсету бағытындағы жобалық кеңселер жұмысымен бөлісті.

«Оқу семинарына қатысушылар қаржы кеңесшілерінің дәрістерінен бөлек, enbek.kz порталына тіркелу мен Жеке кәсіпкерлік ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін жасауға дейінгі көптеген сұрақ бойынша кеңес алуда. Мұнан бөлек оқу процесіне қатысушыларға заңгердің де көмегі беріледі. Олар әр қарыз алушының несиелік тарихын жеке зерттейді және қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша кеңес береді. Бүгінгі күні 329 адамға жеке консультация жүргізіліп, 90 бизнес жоспар жасауға, 141 депозит ашуға көмек көрсетілді. 4 азаматтың банктерге несие төлейтін кестелері реттеліп, жаңартылды», – деді Ләйлә Төрешова.

«AMANAT» партиясы жеке қосалқы шаруашылықтарды аграрлық кооперативтерге біріктіру арқылы «Қарызсыз қоғам» жобасы түлектерінің табысын арттыру мақсатында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, «Halyk Bank»-тың және «Банк Центр Кредиттің» қолдауымен «Қамқоршы AMANAT» қоры құрды. Қордың мақсаты – тұрғындардың, соның ішінде «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушылардың табысын жоғарылату. Бұл үшін «Қамқоршы AMANAT» қоры оқу -әдістемелік орталықтардың қаржыландыру көзіне айналады. Аталған орталықтарда тілек білдірушілер теориялық білім алып қана қоймай, ауыл шаруашылығының түрлі бағыты бойынша тәжірибелік дағдыларды игере алады. Қатысушылар үшін тәжірибелі зертханалар мен жобаларды толық жүзеге асыруға қажет барлық құрал қолжетімді болмақ. Бұған қоса, құрылып жатқан кооперативтерге лизингке өндірістік жабдықтар ұсынылып, қайтарымды гранттар беріледі.

Ақпарат үшін: жоба басталған 5 ақпаннан бүгінгі күнге өңірде 2 мыңнан астам азамат қаржылық сауаттылықты арттыру курсынан өтті. Оқу семинарлар жыл бойы өңірдің барлық аудандарында жүргізілетін болады.

БӨЛІСУ