Бүгін Әлия Молдағұлова атындағы №173 орта мектебінде республикалық «Мың бала» жобасы аясында қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушы, дарынды драматург, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына арналған кездесу өтті.
Кездесуге Филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Алдажар Әбілов, «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы, өңірлік ҚХА жанындағы медиаторлар кеңесінің үйлестірушісі Шахизат Абдраманова және мектеп оқушылары қатысты.
Филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Алдажар Әбілов:
«Сәкен Сейфуллин – қазақ әдебиетін жаңа түр, тың мазмұнмен байытқан, қоғамдық ой мен әдеби-мәдени тарихымызда ерекше орын алатын күрескер тұлға болған. 1913 жылы алғашқы «Өткен күндер» атты өлеңдер жинағын шығарды. Соның ішінде «Інішегіме» атты өлең жолдары бүгінгі жас ұрпаққа, сіздерге арналғандай.
«Ойынды қой, інішегім, алға бас!
Жарқыратып ақ нұрменен көңілінді аш,
Балалыққа жас миынды алдатпа,
Ғылым үйрен, нұрға толсын кеудең жас!» Дәл осы жолдарды бүгін сіздерге қайталап отырмыз. Қазіргі қиындау кезеңде көп оқып, білім алғандар ұтады. Сіздерге өмірде өз жолдарыңызды табу үшін ғылым, біліммен айналысу керек, іздену қажет. Ой сананы өзгерту қажет. Келешегіміз сіздердің қолдарыңызда. Өз-өздеріңізді дамытып, жетілдіріп отыру сіздердің басты міндеттеріңіз»,- дей келе, 20 ғасырда қазақ аудармасының басында да тұрған атақты ақынның қазақ-кеңес әдебиетіне қосқан үлесі, Сәкен поэзиясының өзекті тақырыптарын ашып айтты.
Оқушылар спикерге сауалдар қойып, халық тұрмысындағы маңызды әлеуметтік тақырыптарды көтерген тегеуірінді ақын туралы ғылыми жоба қорғауға ынталы екендіктерін білдірді.
2024-04-19